Облыс орталығында Петр Атоян стадионы жөндеуден соң есігін айқара ашты. Аталмыш нысан- еліміздегі көне стадиондардың бірі. Ол 1968 жылы салыныпты. Соңғы рет Атоян стадионы 2003 жылы жөндеу көрді. Содан бері футболшылар тозығы жеткен алаңда ойнап, тәжірибесін шыңдап келді.
— Мемлекет басшысы футболды, бұқаралық футболды дамытуды тапсырды. Футболға қатынасты инфрақұрылымдарды жаңарту. Сол тапсырманың бірі-алаңды жаңарту болды. Биыл алаңды жаңарттық. Жаңа алаң өңірде жас футболшылардың дамуына септігін тигізеді деп ойлаймыз,-деді Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшының орынбасары Мирболат Нұржанов.
Биыл Қазақстан футбол федерациясы Петр Атоян стадионнын жөндеу үшін 170 миллион теңге қаражат бөлді. 2023 жылдан бастап федерация еліміздегі футбол инфрақұрылымдарын жаңартуды қолға алды. Күні бүгінге дейін 20-дан астам алаң жөндеу көрді.
— Бұл алаң барлық технологияларға сәйкес келеді. Өздеріңіз қарап отырсыздар, жұмсақ. Жарақаттан сақтайтын алаң. Оңайға ыңғайлы, омырқаны сақтауға арналған технологиясы қарастырылған. Мемлекет басшысы айтқандай халықтық спортты дамыту үшін бізге инфрақұрылым жетіспейді. Қазақстан футбол федерациясының басшысы мемлекет басшысының тапсырмасын орындау жөнінде осы инфрақұрылымға қосып жатқан үлесі,-деді «Алаң» жобасының менеджері Нұрсұлтан Еламанов.
Салтанатты жиында облыстық футбол федерациясының президенті Ғайса Қапақов сөз алды. Ол жөнделген алаңды жөндеген жандарға алғысын білдірді. Ол футбол федерациясының бөлген қаражатынан бөлек, «Жайық» футбол клубының қасында жүрген демеушілердің қосымша 60-70 миллион теңге қаражат құйғанын атап өтті.





