Әлеуметтік желілерде және кейбір онлайн-басылымдарда қазақстандық жедел жәрдем қызметкерлері науқасқа медициналық көмек көрсетпей, оны көшеде қалдырып кеткені туралы видео тарап жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Министрлік жүргізген талдау видеодағы адамдардың қазақстандық жедел жәрдем қызметкерлері еместігін анықтады.
Видеодағы персоналдың киім үлгісінде Қазақстандағы жедел медициналық көмек бригадалары үшін міндетті мемлекеттік және ведомстволық белгілер жоқ. Сондай-ақ олардың киімінің түс гаммасы мен формасы еліміздегі бірыңғай стандартқа сәйкес келмейді.
Сонымен бірге, ролик авторлары көріністің әсерін күшейту үшін әдейі мазасыз аудио қосқан. Бұл көрерменге эмоциялық қысым жасауға бағытталған манипуляция әдістерінің бірі екені атап өтілді. Министрлік мұндай тәсіл ақпаратты бұрмалап, жедел қызметтердің беделіне нұқсан келтіру мақсатында қолданылғанын айтты.
Тексеру барысында аталған оқиға Қазақстанда емес, 2024 жылдың 11 наурызында Ресейдің Волгоград қаласында болғаны белгілі болды. Ол кезде оқиға ресейлік БАҚ-та кеңінен жарияланған, ал кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылған.
Министрлік бұрын болған және тергелген істі Қазақстанның жедел жәрдем қызметімен байланыстырып, жалған ақпарат тарату – азаматтарды әдейі жаңылыстыру әрекеті екенін ескертті.
Денсаулық сақтау министрлігі паблик админдері мен ақпараттық ресурстарды дереккөздерді мұқият тексеруге, жалған мәлімет таратпауға және шұғыл қызмет өкілдерін әдейі қаралау әрекеттеріне жол бермеуге шақырды.