Батыс Қазақстан облысында жіті респираторлы вируспен 37 мыңнан астам адам сырқаттанған. Науқастардың 26 мыңнан астамы бала. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Бір жасқа дейінгі сәбидің 356 ауырып қалған.

Сала мамандары жіті респираторлы вирустан бөлек, өңірде 75 адамда тұмау анықталғанын мәлімдеді. Науқастар тұмаудың А түрі (H3N2) сырқаттанған. Осы дерт бес жүкті келіншекте және 14 жасқа толмаған 55 жасөспірімде анықталыпты.

Аймақта тұмаудан бөлек науқастарда аденовирус, риновирус, боковирус, рс-вирус, пандемиялық емес коронавирус анықталды.

– Жедел респираторлық вирустық инфекциялардың таралуына жол бермеу үшін өздігінен емделмеуіңізді сұраймыз, жедел респираторлық вирустық инфекциялардың алғашқы белгілері пайда болған кезде (қызба, бас ауруы, әлсіздік) міндетті түрде тұрғылықты жеріңіздегі медициналық мекемеге хабарласыңыз және дәрігердің барлық ұсыныстарын орындаңыз.Ауру белгілері бар, түшкіретін немесе жөтелетін адамдармен жақын қарым-қатынастан аулақ болыңыз. Бөлмені үнемі желдетіп, ылғалды тазалауды жүргізіңіз. Салауатты өмір салтын ұстаныңыз, жеткілікті ұйықтаңыз, дұрыс тамақтанып және дене шынықтырумен айналысу қажет,– деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметкері Кенжегүл Мұхитова.