Облыста 8 геронтология кабинеті ашылмақ. Алтауы қалалық емханаларда, ал екеуі Бөрлі мен Зеленов аудандарында жұмыс істейді. Сөйтіп, жасы келген жандарды 2 айдан кейін білікті дәрігер-геронтологтар қабылдай бастайды. Бұл медициналық қызметтің сапасын арттырып, өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға сеп болмақ. gerantolog-2 Бірінші емханадағы соғыс ардагерлерінің кабинеті 40 жылдан бері жұмыс істейді. Негізінде штатта геронтолог-дәрігер жоқ, сондықтан қарияларды учаскелік терапевт қарайды. Тұрақты келушілердің бірі Шолпан Нұртасова - тыл ардагері. Тыныс демікпесіне шалдыққан кейуана ІІ топтағы мүгедек. Жасы 80-ге таяған ол ақ желеңділерге алғысын жаудырды. - Дәрігерлерге ризамын. Кез келген уақытта мәселемізді шешіп береді. Басқа дәрігерлерге жолдама жазып береді қажет болса, - дейді тыл ардагері ШОЛПАН НҰРТАСОВА. Бұл кабинетте жасы келген жандарды ерекше қамқорлықпен қабылдайды. Кепілдендірілген тегін медициналық көмектің аясында дәрі-дәрмекпен қамтылған. Қариялардың 57-сі Бурабай шипажайында, Жаңақала оңалту орталығында және республикалық госпитальде емделіп, тыныққан. Осы аумақта барлығы 230 адам дәрігер қызметіне жүгінеді. - Бүгінде бізге келушілердің арасында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің саны – 30. Қалғаны оларға теңестірілген тұлғалар. Атап айтқанда, Чернобыль апаты, Семей полигонында зардап шеккендер, ауған соғысына қатысушылар мен тыл ардагерлері. Олардың бәрі де бізде диспансерлік тіркеуде тұр. Кешенді дәрігерлік бақылау жасаймыз, - дейді № 1 қалалық емхананың терапевт-дәрігері ЗОЯ ҒАБДУШЕВА Екі айдан кейін осы соғыс ардагерлері бөлмесінің негізінде геронтология кабинеттері ашылады. Қазір мамандар даярлануда. Олардың міндеті - медициналық қызметтің сапасын арттырып, өмір сүру ұзақтығын ұлғайту. 2020 жылға қарай елімізде бұл көрсеткішті 73 жасқа жеткізу көзделген. - Қазіргі таңда 2016-2020 жылдарған арналған «Денсаулық» бағдарламасы аясында көптеген шаралар жүзеге асуда. Соның бірі – геронтологиялық көмек көрсеті. Бұл мақсатта қалалық емханалар мен Бөрлі және Зеленов аудандық дәрігерлер оқытылуда, - дейді облыстың штаттан тыс геронтологы АЙГҮЛ ЕЛЕМЕСОВА. Келер жылы өзге де ауылдық дәрігерлер даярлықтан өтеді. Сөйтіп, барлық аудан геронтолог мамандармен қамтылмақ.   Арман Курманалиев