Оралда тақтайдай жібі түсу жолы жоқ көшелер көп. Соның бірі — Лев Толстой көшесі. Әсіресе, жеке тұрғын үйлер орналасқан кішкентай аумақта тұратын тұрғындар жолсыздықтан зардап шегіп отыр.

—  Лев Толстой көшесінде ескі асфальт болды. Сонымен қатынайтын едік. Алайда биыл көктемде тозығы жеткен асфальтті зоопарк (облыстық экологиялық-биологиялық орталық-ред.автор) маңын судан қорғаймыз деп жүрген көлік тоздырды. Қазір көше шұрық-тесік. Балшықта балаларға обал. Олар аяқ киімі мен күртешесін балшыққа былғап келеді. Биыл  шілдеде жағалауды бекіткен компания жолды жасап береді деп тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының мамандары уәде берген еді. Бірақ, қанша уақыт өтті? Орындалған уәде мен атқарылған жұмыс жоқ, —  дейді қала тұрғыны Альфия Блялова.

Альфияны толғандырған жалғыз жол мәселесі емес. Тұрғындар осы көшенің жарықтандырылмағанына қапалы. Олар балаларын қараңғыда жалғыз жіберуге қорқады.

— Жарық мәселесі өзекті. Қаланың ортасында тұрып, тас қараңғы көшеде өмір сүреміз. Айналада бұралқы ит көп. Бала түгілі кешқұрым өзіміз жүруге жүрексінеміз. Екінші аусымда оқитын қызымды мектептен қарсылап аламын. Зачанскіде қыз баланың зәбір көргенін естіп, тіптен қорқып қалдық,  — дейді Альфия Блялова.

Лев Толстой көшесінің тұрғындарын бұдан өзге қоқыстың уақытылы шығарылмауы да алаңдатып отыр. Қоқысқа арналған жәшік Лев Толстой мен Приречный көшесінің қиылысында орналасқан. Приречный көшесінде де жібі түзу жол жоқ. Соның кесірінен қоқыс жолға шашылып, қоқысты алып кететін көлік келгенде, тұрғындар үйлеріне көлігімен кіре алмай күтіп тұрады екен.

— Қоқыс төгетін орынның мәселесі шешілсе екен. Қазір қоқыс жәшігі Лев Толстой 1 мекенжайында, жолдың жанында тұр.  Шашылған күл-қоқыс жолда жатады. Көшеміздің санитарлық жағдайына алаңдаймыз. Осы жерге көршілес бес көшенің қоқысын келіп төгеді. Біздің көшеге арнайы қатты жабынымен жабдықталған, айналасы қоршалған арнайы алаң жасауын сұраймыз, —  дейді қала тұрғыны Альфия Блялова.

Қала тұрғынын толғандырған сауалды Орал қаласы әкімдігіне жолдадық. Әкімдік берген жауап мынандай:

— Лев Толстой көшесін асфальттау бойынша қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама жасақталмаған. Дегенмен, алдағы кезеңде орталық көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізу аясында аталған көшені жобалау мәселесі қарастырылатын болады. Қазіргі таңда қала аумағында толықтай немесе жартылай жарықтандырылмаған учаскелердің тізімі жасақталуда. Осы орайда аталған көшені тізімге қосу жоспарлануда. Сонымен қатар жол құрылысы жүргізілген жағдайда, қоқыс алаңын орналастыру да қарастырылатын болады, себебі жолы жоқ аумаққа арнайы қоқыс жинау техникасының кіруі қиындық тудырады,  —  деп хабарлады Орал қаласының әкімдігінің баспасөз қызметі.

Әкімдік қызметкерлеріне «Лев Толстой көшесіне жол салу үшін қашан жобалық-сметалық құжаттама жасалады», деп сауалымызды нақтылап едік. Мамандар құжатттың жасалатын уақытын дөп басып айтпады. Тек жоспарланып жатқанын жеткізді. Алайда жоспардың қашан жүзеге асатынын тек уақыттың еншісінде қалмақ! Оған дейін қаланың орталығында тұратын тұрғындар аяғына резеңкі етігін киіп, қараңғыда қолына тас пен жарық шаммен жүре тұруына тура келеді.

Медет Медресовтың фотосы